Қазақстан Ұлттық Олимпиадалық комитеті жылдың спорттық оқиғаларын қорытындылады.
Ұлттық Спорттық Жүлде-2018 марапаттау рәсіміне танымал спортшылар мен жас чемпиондар, ел спортына еңбегі сіңген ардагерлер мен спорт саласын басқаратын тұлғалар жиналды.
Ірі салтанатты шараны «Хилтон Астана» қонақүйі қабылдады.
Жеңімпаздар бүгін түнде анықталды. Жыл сайынғы дәстүр бойынша, жанкүйерлер жүлде лауреаттарын тоғыз аталым бойынша Olympic.kz сайтында дауыс беру арқылы анықтады. Айта кетелік, биыл өтінімдер ұлттық федерациялардан қабылданып, кейін ҰОК спорт Дирекциясы 2018 жылғы Жүлде үміткерлерінің тізімін құрды.
2018 жылғы Ұлттық Спорттық жүлденің жеңімпаздары:
«Қысқы спорт түрлері бойынша үздік спортшы» - Юлия Галышева
«Жазғы спорт түрлері бойынша үздік спортшы» - Дмитрий Алексанин
«Қысқы спорт түрлері бойынша үздік бапкер» - Елена Круглыxина
«Жазғы спорт түрлері бойынша үздік бапкер» - Әлия Юсупова
«Үздік жас спортшы» - Бекарыс Сәдуақас
«Жылдың үздік командасы» - Су добынан ерлер командасы
«Жыл жаңалығы» - Глеб Брусенский және Евгений Федоров
«Олимпиадалық спорт түрлері бойынша үздік федерация» - ҚР Ұлттық семсерлесу федерациясы
«Үздік аймақ» - Шымкент қаласы
Арнайы мүсінше барлық жеңімпаздарға табысталды. Тек қысқы маусымның басталуына байланысты, 2018 жылғы Олимпиаданың қола жүлдегері Юлия Галышева салтанатты рәсімге келе алған жоқ. Бүгінде Финляндияның Рука қаласында жарысқа дайындалып жатыр. Сондай-ақ, Галышеваның жаттықтырушысы, фристайл-могулдан бас бапкер Елена Кргулыхина да салтанатты шараға қатыса алмады.
Жеңімпаздарға жүлде табыстағандар қатарында бейбіт заманның батырлары да болды. Атап айтар болсақ, мектепке дейінгі және орта білім беру жүйесі бойынша 2018 жылдың үздік мұғалімі Тердікбай Күшәй, қазақстандық вундеркинд, Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12-ші сынып оқушысы Ақназар Қажымұрат және жас дарын, виртуоз, композиторлар мен заманауи ән орындаушылары халықаралық академиясының ең жас қатысушысы, 13 жасында студент, 17 жаста магистрант атанып, 18 жасында магистрлік диссертацияны сәтті қорғаған Рахат-Би Әбдісағиндер жүлде табыстады.
Еліміздің танымал әрі даңқты спортшылары мен қайраткерлері де назардан тыс қалған жоқ. Серік Қонақбаев, Иван Гаранин, Әмин Тұяқов, Ольга Шишигина, Александр Винокуров, Серік Сәпиевтер де жүлденің құрметті қонағы атанды. Сондай-ақ, мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев және Қазақстан ҰОК спорттағы әйелдер жөніндегі комиссиясының басшысы Үміт Шаяхметова, Оңтүстік Кореяның Қазақстандағы елшісі Ким Дэсиктер лауреаттарға көптен күткен жүлдені табыс етті.
Ұлттық Спорттық Жүлдені табыстау салтанатының теленұсқасы 9 және 31 желтоқсан күндері тиісінше «Qazaqstan» және «Qazsport» арналарынан көрсетіледі.
Ұлттық Спорттық Жүлде-2018 бас демеушісі – Petroleum компаниялар тобы. Жүлденің ресми демеушісі - «Премиум Ойл Транс».
Ұлттық Спорттық Жүлде-2018 ақпараттық серіктесі – «РТРК «Qazaqstan» АҚ.
Жобаға «Hilton Astana» қонақүйі қолдау көрсеті.